Қызанақ

Қызанақ, томат, помидор (лат. Solanum lycopersicum) – алқалар тұқымдасына жататын бір және

көп жылдық шөптесін өсімдіктер (кейде жартылай бұта). Оңтүстік Америкадан таралған. Оның 3

түрі бар (кейбір деректерде 7). Қазақстанда 1 түрі: кәдімгі (ас) Қызанақ (T. esculentum) барлық

жерде өсіріледі. Сабағының биіктігі 30 — 40 см-ден жоғары. Жапырағы қауырсын тәрізді. Гүлінің

түсі сары, жемісі — екі не көп ұялы жидек, пішіні әртүрлі. Салм. 25 — 500 г, кейде 800 — 900 г-ға

дейін жетеді. Қызыл, сарғыш жемісінің құрамында 4,5 — 8,1% құрғақ зат, 3,5 — 8,5% органикалық

қышқыл, минералдық тұздар, С витамині, В, РР тобының витаминдері, каротин бар. Жемісін

тамаққа пайдаланады, тұздайды, шырын алады. Қызанақ жылу сүйгіш және құрғақшылыққа

төзімді. Өсуіне қолайлы температура 20 — 25С, температура 15С-қа дейін төмендегенде гүлдеуін,

ал 10С-та өсуін тоқтатады. 1 — 2С-та үсікке шалдығады. Жартылай түйіршікті, қарашірігі мол

топырақта жақсы өседі. Әр га-нан ашық жерде өсіргенде 150 — 200 ц, ал жылыжайларда 1 м2-нен

12 — 15 кг өнім алуға болады. Қазақстанның әр аймақтарында Қызанақтың әр мезгілде пісетін

бірнеше сұрыптары бар. Ерте пісетін сұрыптары: Белый налив 241, Ранний 80, Ақтөбелік 85,

Глория, т.б. сорттары Батыс Қазақстан, Қостанай,Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, т.б.

облыстарда аудандастырылған. Негізгі зиянкестері: картоп қоңыр көбелегі, ызылдауық қоңыз,

колорадо қоңызы, т.б. Ең көп тараған аурулары: бактериялық теңбілділік, фитофториоз,

макроскориоз, т.б. Қызанақ жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен Қазақ картоп және көкөніс

шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шұғылданады.

Қызанақ – жемісі жеуге жарамды, біржылдық немесе екіжылдық шөптесін өсімдік. Орыс тілінде

«помидор» атауы итальян тіліндегі «pomodoro–алтын алма» дегеннен шыққан. Ал «томат» атауы

француздардан «tomate» деген сөзінен аударылған. Отаны Оңтүстік Америка, бұл жерде

қызанақтың жабайы және жартылай мәдени түрін кездестіруге болады. Ең алғаш Еуропаға XVI

ғасырдың ортасында Испания, Португалия, кейін Италия мен Францияға да жеткен. Басында

барлығы қызанақты жеуге жарамсыз және улы деп есептеп, жемісінің әдемілігі үшін бақша

өсімдігі ретінде ғана өсірген. Қазіргі уақытта қызанақ ең кең таралған және өсіретін көкөністердің

бірі болып саналады. Түрінің көптігімен, дәмімен және диеталық қасиеттерімен танымал.

Қызанақтың тамыр жүйесі қатты және жақсы дамыған болып келеді. Кейбір түрлерінің тамыры 1

метр тереңдікке дейін барады. Өсімдікке дұрыс күтім жасалса, тамыр сабағының бойына да өсіп

шығады. Осыдан қызанақты тек тұқымы арқылы емес, тамыр сабақтары арқылы да көбейтуге

болатынын көреміз. Сабағының биіктігі түріне қарай 30 см-ден 2 метрге дейін барады. Ұсақ,

сарғыш түсті болып келетін гүлдері бір түпке жиналып өседі. Бір сабағында аталықтары да,

аналықтары да кездеседі. Жемісі өте шырынды, түріне қарай домалақ, сопақ, майда, ірі болады.

Түсі ашық күлгіннен, қою қызылға дейін болып келеді және сары түстілері де кездеседі.

Қызанақты жеміске де, көкөніске де жатқыза береді. Өйткені, 1893 жылы АҚШ Жоғарғы Соты

қызанақты көкөніс деп қабылдаса, 2001 жылы еуропалықтар оны жеміс деп шешті. Біздің елде

қызанақ көкөніс деп саналады.

Қызанақтың құрамы В1, В2, В5, В6 және А, Е, С сияқты дәрумендерге бай. Қызанақты үнемі

пайдалана отырып, иммундық жүйені нығайтып, жүрек қызметін жақсартып, ас қорытуды реттеп,

холестеринді азайтуға болады.